Алғы сөз
Құрметті жас жеткіншектер, қазақ елінің ертеңі мен болашағы – өздерің. Өмірде қазақ балаларының кішкентайынан жан дүниесінің бай, әрі әдемі болып өсуінің маңызы қандай зор! Қазақ халқы рухани дүниеге, қазынаға бай халық. Оның қай түрін алсақ та тәлім тәрбиесі мол, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған өсиеті ерекше. Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, екшеленіп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып жатқан дәстүрінің бірі жеті атасын жаттату. Қазақ балалары жастайынан ата-тегін біліп өскен. Ата-бабамыз ертеден бала тәрбиесіне аса мән берген, тектілікті бойларына дарытқан.
Осындай керемет салт-дәстүріміз Көкшетау қаласы білім бөлімінің «№15 негізгі жалпы білім беретін мектебінің» ұстаздары 8 «Ә» сынып оқушыларының қатысуымен, 2017-2018 оқу жылында «Жеті ата» жобасын өткізді. Жобаның негізгі мақсаты жас жеткіншектерімізге ата-баба тарихын сыйлау, бағалау сияқты қасиеттерді бойларына сіңіріп, дарыту. Сонымен жобаға қатысушы ұстаздар мен оқушылардың еңбегін кітапша қылып шығарып, оқырмандарға ұсынып отырмыз. Кітапшадан Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл жоба жасөспірімдерімізге не берді? Оқушылар қандай ой түйді? Жеті атаны білудің мағыздылығы не? – деген сұрақтарға жауап аламыз. Оқушылар жоба бойы өз тарихының тереңіне үңіліп, өзін-өзі танып білуге қол жеткізді. Туыстық қатынастардың жақындасуына қолайлы жағдай қалыптасып, туыстық байланыстың нығаюына мүмкіндік ұлғайды. Бұл ұжымдық еңбек жас ұрпақтың тәрбиесіне ойдағыдай үлес қосады деген сенімдемін.
Асқар Еркегүл, «Жеті ата» жобасының жетекшісі
Көкшетау,
2018 ж.